Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Айяның ата-анасы қызының ерекше қабілетін видеоға түсіріп алған, алайда ол әлеуметтік желіде жарияланып кетеді деп ойламаған

Әлеуметтік желіде екі жастағы балақайдың Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовты фотосынан танып, қолымен көрсетіп жатқаны жайлы видео тарады. Қыздың ата-анасының сөзінше, Айя есімді балақай сегіз айлық кезінен бері қолынан кітап тастамайды, ал оның бұл қызығушылығына әжесі себепкер болған.

Sputnik Қазақстан тілшісі Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Заңғар ауылында тұратын Қоңыратбаевтар отбасына хабарласып, қыздың ата-анасымен сөйлесті.

Нұрсұлтан Қоңыратбаев пен Айжан Кәрібай екі баланың ата-анасы. Көпшілікті сүйсіндірген Айя – отбасының тұңғышы. Ата-әжесінің тәрбиесін көріп өсіп келеді.

«Айяның әжесі – мұғалім. Ол кісі отыз жылдан бері мектепте жұмыс істейді. Сол кісілердің сөзімен қызымыз сегіз айлық болғаннан алдына кітап қоятын болдық. Ішін ашып, «мынау ит», «мынау мысық» деп көрсеттік. Содан бастап қызығушылығы оянды. Қазір де қолынан кітап түспейді. Үйде бар кітаптың ішіндегі жануарлар мен табиғатқа қатыстының барлығын біледі», — дейді Айяның анасы.

Уақыт өте келе отбасы жан-жануарлардан бөлек қазақ тарихында орны ерекше тұлғалардың фотосын көрсете бастаған. Мұндай ой баланың бір айтқаннан жаттап алатын қасиетін байқаған соң туған.

«Кітабын алып, «ана, кітап оқимыз» деп келеді. Бірақ үй ішінде жұмыс істеп жүргендіктен оған қол босай бермейді. Сондай сәтте әжеңе бар деп жіберемін. Кітаптың алғашқы бетінде Абай Құнанбайұлы, Міржақып Дулатовтың фотосы тұрады. «Бұл Абай ата», «Бұл Міржақып ата» деп көрсеткен соң жаттап алды. Әзірге осы кісілерді таниды. Ауылда тұрғандықтан, үйде жұмыс көп. Оны арнайы үйретіп отыратын адам жоқ. Шай ішіп отырған кезде кітабын алып келеді», — дейді Айжан Кәрібай.

Айтуынша, Абай Құнанбайұлының кітаптан басқа жердегі фотосын көрсеткен кезде де бірден таниды.

«Айяның ата-әжесі көзі ашық, білімге құштар кісілер. Мен келін болып түскеннен кейін де оқимын дегенімде бетімді қаққан жоқ. Оқы, бар, көр деп қолдап отырады. Дәл сол сияқты немересінің де білімге құштар болып өскенін қалайды. Тіпті келешекте қай мамандықты таңдаса да білімге қатысы болса екен деген тілегі бар», — дейді Айяның анасы.

Айтуынша, отбасы Айяның видеосы әлеуметтік желіде жарияланып кетеді деп ойламаған. Алайда туған-туыс ата-әжесіне хабарласқанда қуанып қалдық дейді.

Енді бала күнінен қолынан кітабы мен қаламын тастамай жүрген балақайдың анасы әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, қызының видеоларын жариялауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған қандай да бір бағдарламаларға шақырту алса, оған қатысуға да қарсы емес.

sputnik.kz

Рубрика: