АЛТЫНОРДА
Шоу бизнес жаңалықтары

[:kz]2021 жылы шаңырағы шайқалған жұлдыздар[:]

[:kz]

 

Байырғы қазақ қоғамында ажырасу деген болмаған. Ал бүгінде ажырасудан әлемнің алдыңғы он еліне кіреміз. Сарапшылар Қазақстанда әр сағат сайын алты неке бұзылатынын айтады. Шаңырағы шайқалған тұрғындардың арасында елімізге белгілі өнер өкілдері де бар. 2021 жылы ажырасқан жұлдыздар жайлы Stan.kz ақпарат агенттігінің материалынан оқи аласыздар. 

2020 жылы екінші рет тұрмыс құрған Мөлдір Әуелбекованың некесі сәтсіз аяқталды. Әнші жақында ажырасқанын хабарлады. Айтуына қарағанда, жолдасы отбасына қиянат жасаған. Бүгінде Әуелбекованың бір ұлы мен бір қызы өсіп келеді. 

КешYou-дің экс-әншісі Элизат Берікова қыркүйек айында: «Құдай маған бәрін берді. Бірақ некем сәтсіз сияқты», деп ағынан жарылды. Көп ұзамай әнші ажырасқанын айтты. Сөзіне қарағанда, отбасының бұзылуына күйеуінің опасыздығы себеп болған. Бүгінде екі ұл өсіріп отырған Элизат экс-күйеуінен 23 мың теңге көлемінде алимент алып отырғанын да жасырмай айтты. 

Күйеуімен дәм-тұзы жараспағандардың бірі — Сиви Махмуди. Әнші 10 жыл бойы отбасы үшін барын салғанын, сақтап қалуға тырысқанын айтты. Өнер иесі үш баласының әкесімен не үшін ажырасқанын ешқашан айтпайтынын ескертті. Бүгінде Сивидің екі ұлы мен бір қызы бар. 

Индира Расылхан екінші күйеуімен 1,5 жылдан бері бөлек тұрып жатқанын мойындады. Әнші жолдасымен не себепті екіге кеткенін нақты білмейтінін жеткізді. Тіпті, «әлдебіреу дуалаған болуы мүмкін» деген болжамы бар. Әншінің алғашқы некесінен егіз қызы, ал екінші отбасынан бір қызы мен бір ұлы өсіп келеді. 

Рок әнші Әсем Көпбаева ел күтпеген мәлімдеме жасады. Ол күйеуі, режиссер Нұрғиса Әлмұратпен ажырасып кеткенін айтты. Екеуінің ортақ бір қызы бар. 

Сондай-ақ, әнші Лидо жақында төрт баласының әкесімен ажырасқанын хабарлады. Бірнеше жыл Америкада тұрып, биыл ғана елге оралған әнші мұның себебін түсіндірмеді. Алайда маңызды шешімге саналы түрде келгенін айтып өтті. 

Блогер, актриса Әсел Асқар да күйеуі Айбекпен айырылысқанын, көп ұзамай аяғы ауырлағанын хабарлады. “Қайта қосылуға құлқым жоқ” деп бірнеше ай бойы қырсыққан Әсел ақырында сәбиінің әкесімен қайта қосылғанын хабарлады.

Айта кетейік, былтыр жыл соңында актер Шәріп Серік пен әнші Сэй Моның, Айжұлдыз Адайбекова мен Қыран Талапбектің ажырасқаны белгілі болды. Сондай-ақ, жуырда Ерке Есмахан сүйіктісі Азамат Зенкаевпен айырылысқанын мәлімдеді. Ерке Азаматты әріптестеріне «күйеуім» деп таныстырған. Сол сияқты, актриса Жарқынай Ханайым күйеуі Айдар Асқарбекпен сериалдағы жанжалдан кейін бөлек тұруда. Алайда қос кино жұлдызы ресми түрде ажырасқан жоқ. Күні кеше актриса екінші сәбиіне жүкті екенін айтқан еді.

 

[:]