АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Мен қатты қиналып жүрмін, көмектесіңіздерші!» – дейді түлкібастық үш баланың анасы  «Мен қатты қиналып жүрмін, көмектесіңіздерші!» – дейді түлкібастық үш баланың анасы[:]

[:kz]

Естеріңізде болса, Түлкібас ауданының орталығы – Т.Рысқұлов ауылында тұратынСалтанат Ермекова жөнінде газетімізде бірнеше мәрте 

мақала жариялаған едік. Яғни ол тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж жан ретінде редакциямызға жәрдем сұрап келген болатын. Оның жайынан аудан әкімдігіндегі азаматтарды да құлағдар еткенбіз, олар тиісті көмектерін көрсетіп жатқанын айтқан. Міне, сол С.Ермекова кешегі сәрсенбіде редакциямызға тағы да келді. Ол бізге былай деді:

«Үш балам да Састөбедегі мектеп-интернатта оқиды. Қазір жазғы каникулдың екінші айы аяқталып отыр. Енді көп ұзамай мектепке баратын уақыт келеді. Сондықтан сіздерден тағы да көмек сұрауды шештім. Менің қазіргі ахуалым туралы тағы да жазуларыңызды өтінемін.

Қазір үйімізде электр жарығы мен газ жоқ, ақысын төлей алмағаным үшін қырқып тастаған. Оған қарызым көбейіп кетті. Тамақты біреулердің үйіне барып пісіріп әкелемін. Балалар теледидар көргісі келсе де өзгелердің үйіне баруға мәжбүр.

Біздің үйге келетін кіріс бар-жоғы 20 мың теңге ғана, онда да бұл балалар жәрдемақысын үш айда бір мәрте береді. «Тұрғын үй көмегі» деген бар екен, оған да қолым жетпей отыр. Себебі коммуналдық өтемдерді төлегенімді дәлелдейтін түбіртек жоқ.

Қазір жасым 48-де. Жас ұлғайған сайын денсаулығым да нашарлап барады, сондықтан жұмысқа жарамаймын. Жұмысқа тұрмас бұрын емделіп алайын десем, ауруханаға қабылдамайды. Тегін медициналық көмек алуға жағдай жасауларын сұрап аудан әкімдігіне бардым, «Нұр Отан» филиалына хат жаздым, бірақ олардан қайран болмады. Сөзімді жөндеп тыңдамайды да, бастарын ауыртқылары келмейтін шығар.

Маған көмек керек. Балаларыма киім әпергім, қарыздардан құтылғым, қысқа дайындалғым келеді. Осы жөнінде газеттеріңізде жазсаңыздар екен. Мүмкін аудан басшылары маған назар аударар, бәлкім мейірімді қалталы азаматтар көмектесер, әйтеуір бір сәт те болса уайымнан арылтып, көңіл демдейтін бір жәрдем жасар. Аудан әкімдігіндегі тиісті қызметкерлерге айтыңыздаршы, көмек көрсетсін. Мен қазір қатты қиналып жүрмін».

Редакциямыздан көмек сұрап келген Салтанат Ермекова бізге осылай деді. Біз оның жағдайына байланысты Түлкібас аудандық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне телефон шалдық.

«Бұл кісі бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырып бітті, – деді бөлім басшысы Бақтияр Мірқадіров. – Маған қараспайды деп газеттерге де, сайттарға да жазғызды, бізге оның мәселесі бойынша республикалық телеарналардан да адамдар келді. Негізі оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы ретінде баспана берілген, балалары мектеп-интернатқа орналастырылды, сол жақтан тиісті көмек те беріледі. Балаларына жәрдемақы алады, материалдық жәрдем көрсетіліп тұрады. Бірнеше мәрте жұмысқа да тұрғызбақ болдық, аула сыпырушы, еден жуушы, вахтер жұмыстары ұсынылды, өзі бармайды. Білмеймін, өзі сөйтіп әркімнен көмек сұрап жүруге үйреніп қалған сияқты. Жалпы, ол кісі біздің назарымыздан тыс қалған емес, тиісті көмектерін алып тұрады».

Мекеме басшысы Б.Мірқадіров С.Ермекова жайында осылай дейді. Осы орайда біз Түлкібас ауданындағы басшы азаматтардың бұл адамның тағдырына үңіліңкіреп қарағанын қалаған болар едік. Мүмкін оған басқадай да бір жәрдем керек шығар, мүмкін оны оңалту, еңбекке, ортаға сіңісуге бейімдеу ме, әйтеуір тығырықтан сүйреп шығаратын бірдеңе қажет сияқты. С.Ермекова жұмысқа денсаулығым жарамайды дейді, мүмкін оны алдымен ауруханаға жатқызып емдетіп, жұмысқа сосын тұрғызу керек болар? Ойланып көріңіздерші. Тұрмысы төмендердің бәрі де С.Ермекова сияқты қайта-қайта газеттен көмек сұрап жүрген жоқ қой. Арқасүйер азаматы, туған-туысы жоқ жан әбден тығырыққа тірелгесін сөйтетін сияқты. Ендеше оған тағы да бір көз қырын салыңыздаршы!­

Ал біз редакциямызға жылап келген адамның өтінішіне бейжай қарай алмадық. Осы орайда қандай да бір көмек қолын (ақшалай, заттай) ұсынамын деушілер үшін Салтанат Ермекованың байланыс телефонын жариялап отырмыз. Онымен 8-775-897-66-58 нөмірлі телефон арқылы хабарласуға болады.

Т. ТҰРАН

Zamana.kz 

[:]