АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Күніміз жылаумен өтіп жатыр», – дейді Қытайда қамауда отырған азаматтың анасы[:]

[:kz]

Соңғы кездері Қытайдағы қазақтарға қысым көрсетіліп жатқаны туралы сөз көбейді. Оны растайтын оқиғалар да шығып жатыр. 

Мысалы, таяуда әлеуметтік желіде Сәпила Тақашқызы деген 68 жастағы кейуананың Қазақстан басшыларынан Қытайда қамауда отырған ұлын құтқаруды сұрап көмек сұраған бейнежазба жарияланды.

«Біз Қазақстанға 2002-жылы көшіп келгенбіз, Қазақстан азаматымыз, – дейді ол кісі. – Өзім 7 баланың анасымын, Алтын алқа иегерімін.

Менің 1968-жылы туылған ұлым Жеңісхан қазір Қытайда тұтқында отыр. Оны биылғы 2-мамырда қамауға алыпты. Әйеліне керек нәрселерін берген. Басқа хабар жоқ. Қытайдағы бала-шағамнан сұрасам, олар ештеңе айта алмайды. Телефон шалсақ, алмайды, алса, бір-екі ауыз сөзден басқа ештеңе демейді. Олар да қысымда отырған сияқты.

Жеңісханның әйелі, екі баласы бар. Берілген ықтиярхаты, Қазақстанда шаруашылығы бар. Қазір Қытайдың қолында қысымда отыр.

Менің Елбасымыздан, «Нұр Отан» партиясынан, Сыртқы істер министрлігінен, барлық құзырлы органдардан өтінішім – ұлым Жеңісханға араша түсіп, құтқарып берсе екен деймін. Біздің күніміз жылаумен өтіп жатыр. Ешқандай хабар ала алмай отырмыз. Тек сіздерге үміт артамыз. Осы іске араласып, баламды құтқарып берулеріңізді көпбалалы ана ретінде өтінемін.

Менің екі қыз, екі ұлым осында тұрады, жиырма шақты немерем бар. Қазақстанда жақсы, алаңсыз өмір сүрудеміз. Тек қана осы Қытайдағы баламның жайы қатты алаңдатады. Бар тілегім – осы балаға араша болса екен деймін».

…Кейуана осылай деп шырылдайды. Ол кісі өз бастарындағы осы қиын жайды айтып «Абай.кз» ақпараттық порталына да барған екен. Айтуынша, ол кісінің ұлы – Жеңісхан Бағдал Қытайдың бір телеарнасында дыбыстаушы болып жұмыс істепті, оны бір ұйғыр сериалын дыбыстап жатқан кезінде ұстап әкеткен көрінеді. Қамауда Үрімші жақтағы Шисаң деген жерде  отырған сияқты. Мамырда ұсталған адамға қандай кінә тағылып отырғаны да белгісіз. 29-маусымда артынан іздеп барған әйелі мен жездесі де оған кездесе алмай, мардымды жауап та ала алмай қайтыпты. Бұл жақтан хабарласқандарға ондағы туыстары телефонда тез-тез бір-екі ауыз ғана тіл қатып, телефонды сөндіре қояды екен. Баласының тағдырына алаңдаған кейуана осының бәрін портал қызметкерлеріне айтып берген, бұл жөніндегі бейнежазбаны көріп, оның сөздерін бастан-аяқ тыңдадық.

«Баламның қандай күйде, не ішіп-жеп жатқанын да білмейміз. Ол – ұлтжанды бала, ұлттық дәстүрде тәрбиеленген. Ішіп жатқан тамағы адал ма, арам ба, соны да уайымдап жүрмін. Ол адам ұрған жоқ, ұрлық жасаған жоқ. Тек «Уйшіңнен» (әлеуметтік желі)  қателескен дейді. Оның қай жерден жаза басқанын біз білмейміз. Бар айыбы – қазақы тәрбие туралы айтқаны болып отырған сияқты. Балам темекі тартпайды, арақ ішпейді. Намаз оқитын бала еді.

Келінім мемлекеттік қызметте істейді. Телефон арқылы сөйлесуден қатты қорқады. «Партия адал», «біздің кемелденген партия», «ешқандай қорықпа, апа», «қауіп жоқ» дейді. Басқа ешқандай ақпар айтпайды. Тек қана орын ауыстырғанын, қысқа-қысқа ғана мағлұмат береді бізге. «Уйшіңнен» қорыққан соң «Теле-2» қостық. Оған да жақсы сөйлемейді», – дейді Жеңісханның анасы.

Жеңісхан Бағдал Қазақстаннан ықтиярхатты биылғы ақпан айында ғана алған екен, сосын Қытайға кеткен, оның арты осындай жайға ұласып отыр.

…Жалпы, бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған  бұл жайдан көпшілік құлағдар болды. Ендеше Сәпила апа сөздерін бағыттаған орындар одан қорытынды мен тиісті нәтиже шығаратын болар деп ойлаймыз.

Т. ТҰРАН.

 Zamana.kz 

[:]