АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қолсыз суретші кәсіпкерлерді ауыл мәселесіне назар аударуға шақырды[:]

[:kz]

11618835Қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің есімі жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Суретшінің екі қолы жоқ. Қалың қазақтың ортасына әкеліп атом бомбасын сынаған кеңестік саясаттың салдарынан дүниеге осындай жарымжан күйде келген. Алайда тағдырдың салғанын көтеріп, қиындықты жеңе білді. Енді міне, өзі салған суреттерді сатылымға шығарып, туған ауылын өркендетуге үлес қоспақ, – деп хабарлайды Qasym.kz

 

Кәріпбек Күйіков Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ағымдағы жылы Қарқаралыға қарасты Егіндібұлақ ауылында үлкен той өтпек. Үш жүздің төбе билерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтіледі. Той қарсаңында суретші ауылын көркейтіп, халықтың тұрмысын жеңілдетуге үлес қосу туралы шешім қабылдаған екен. Бұл туралы Кәріпбек Күйіков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

«Құрметті қазақстандық кәсіпкерлер! 2017 жылдың 18 тамызы күні Егіндібұлақ ауылында Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған мерекелік шара бастау алады. Осы ретте сіздерге менің ауылымның қордаланып қалған мәселелерін жеткізгім келеді. Бүгінде Егіндібұлақ жеке аудан мәртебесінен айырылған. Ауылдың дамуына қажетті ресурстар тапшылығы сезілуде. Ауыл халқы өткен қысты үлкен қиындықпен өткерді. Жол тазалайтын техникалар жоқтың қасы. Осының кесірінен ауылдастарым сыртқы әлеммен байланысын үзіп алды. «Қарағанды-Егіндібұлақ» тас жолы жыл өткен сайын көктемгі су тасқынына ұшырап, тозып барады. Оны қалпына келтіруге қаржы тапшы әрі мүмкіндік жоқ.  Адамдар осы жолмен жүру арқылы өз өмірлеріне қауіп төндіруде. Бірақ басқа амалдары да жоқ. Әсіресе қыс айында жолға шығу қиын. 

Мен Егіндібұлақ ауылының тумасы ретінде ауыл халқының атынан Сіздерді біздің ауылдың мәселесіне назар аударуға шақырамын. Қасиетті ораза айында бір-бірімізге жақсылық жасасақ, түбі өзімізге қайтары анық. Отандастарымыздың да алғысы шексіз болар еді», – деп жазды суретші.

Қазіргі таңда Қарқаралы ауданының әкімдігі Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын ойдағыдай атқарып шығу үшін демеушілер тарту мақсатында арнайы шот ашқан. Ал суретшінің өзі осы бір игі іске қолдау көрсету мақсатында өзінің «Кеш» атты картинасын сатылымға шығарған.

qasym.kz

[:]