АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Темірлан АЛМАС.Шымкентке шетелдіктер келіп жатыр

dsc_0587Таяу жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше жаңа кәсіпорындар ашылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылатын болады деп жоспарлануда. Жақында Үндістан кәсіпкерлері Шымкентке келіп Оңтүстік Қазақстанға инвестиция тарту туралы ойлары бар екенін айтып кетті, ал қытайлық кәсіпкерлер облыстың жеңіл өнеркәсібіне 2 млрд доллар инвестиция салмақшы.

            Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу мақсатында Шымкентке үнді мемлекетінен бизнес-делегация келді. Делегация құрамында Халықаралық ірі компаниялардың басшылары мен олардың аймақтық өкілдері бар. Облыс басшылығымен кездескен үнділік кәсіпкерлер бірлескен жобалар құрып, өңірге инвестиция тарту мәселелерін қарады. Кездесуде қос тарап агро-индустриялық аймақ, ирригациялық жүйелер құру, жол және тұрғын үй құрылысы, фармацевтика саласындағы жобаларды талқылады. Сапар барысында делегаттар «Оңтүстік» индустриялық аймағының жұмысымен танысты.

Оның алдында қытайлық кәсіпкерлер арнайы келіп, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері мен Қытай кәсіпкерлері кездесу өткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты, облыста бірқатар зауыттар салу үшін инвестиция салуға келісім жасайтын болды.  Кездесу қорытындысы бойынша өңірде қант зауытын, целлюлозалық қағаз шығару комбинатын, әйнек пен шам және жарықтандыру жүйелерін шығаратын зауыттар салу бойынша келісімдер жасалды. Бұл жобаларды жүзеге асыру негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақшы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында трансформаторлар шығаратын зауыт салынбақшы. Оңтүстік Қазақстан облысында ең алғашқы трансформатор зауыты Кентау қаласында 1959 жылы салынған екен. Енді жаңа үлгідегі зауыт жаңа технологиямен жұмыс істейтін болады. Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында «Alageum Electric» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов «Шымкент қаласында кернеуі 220 және 500 кВ болатын электр трансформаторларын шығаратын зауыт салынады» деп мәлімдеді.

«Орта бизнестегі көшбасшы компанияларды қолдау үшін «Ұлттық чемпиондар» секілді бағдарламаны іске қосу жөніндегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында көптеген компанияға мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілді. Мәселен, біз осы бағдарлама аясында Шымкент қаласында кернеу класы 220 және 500 кВ болатын қуат трансформаторларын шығару бойынша Қазақстанда алғашқы зауыт салуды жоспарлап отырмыз», — дейді Еркебұлан Ілиясов.