АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Шымкент әкімі 3 ауданның тұрғындармен кездесті

0168-640x426Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымовтың аудандардағы жұмыс сапары жалғасуда. Шаһар басшысы Еңбекші ауданына қарасты Қазығұрт, Қаратөбе, Жұлдыз аумақтарының тұрғындарымен кездесті. Еңбекші ауданы жұртшылығымен жүздесуде аудан әкімі Ғалымжан Ілясов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

№99 мектептегі кездесуде шаһар басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, коммуналдық сала бойынша салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.

— Еңбекші ауданының елдімекендеріндегі басты мәселе — көлік тасымал қызметі. Қаламыздың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында шаһарымызда коммуналдық автопарк салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы біз қаладан шалғай аудандарда тұратын елдімекен тұрғындарын тасымалдау мəселесін оңтайлы шешетін боламыз, — деді Шымкент қаласының əкімі.
Еңбекші ауданындағы түйіткілді мәселенің бірі — халыққа қызмет көрсету орталығының жоғы. Осыған орай қала әкімі осы жылдың соңына дейін 93 мың тұрғынның игілігі үшін халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын айты.

Сондай-ақ, қала басшысы елдімекендердің әлеуметтік картасы сараланып, нақты өзекті мəселелері бірінші кезекке қойылатынын жеткізді.

Бұдан кейін Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс жоспарына сəйкес Əл-Фараби және Қаратау аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қос аудан тұрғындарының дені коммуналдық мәселелерді көтеріп, қордаланған проблемаларды шешіп беруін өтінді.

— Ең алдымен, тұрғын үй салмас бұрын ол жер инфрақұрлыммен қамтамасыз етілуі керек. Қаламызға көптеген елдімекен Сайрам ауданынан қосылған. Сол ауданның заңсыз берілген жерлеріндегі коммуналдық мәселе бізге айтарлықтай жүк болып отыр. Тіпті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өзін 8 соттыққа бөліп, халыққа жүйесіз, жобасыз таратқан. Қазір біздің ең бірінші мақсатымыз — әуелі осы елдімекендердің жол, газ, су мәселесін шешу. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Қала əкімдігі қазір қызу жұмыс істеуде. Біз бюджеттің жағдайына қарап, сіздердің мəселелеріңізді жүйелеп шешеміз. «Сабыр түбі — сары  алтын» дегендей, бірер жылда жағдайымыз едəуір реттеледі, — дейді қала әкімі.
Аталмыш аудан аумағына қосылған елдімекендерде 19 мыңға жуық xалық тұрады. Бүгінде қалаға қосылған елдімекендердің әлеуметтік картасы түзіліп, 2020 жылдарға арналған тұжырымдама жасалды.

Сондай-ақ, Мәртөбе, Бозарық елдімекендеріне қоғамдық көлік тұрақты түрде жүруде. 5 жылдық тұжырымдамаға сəйкес тұрғындарды толғандырған мәселелер шешіліп келеді.  2012 жылы үкіметте Шымкенттің бас жоспары бекітілген болатын. Сонда Д.Қонаев даңғылын кеңейтіп, ұазарта түсу туралы жоспарланған. Осыдан орай  шаһар басшысы сол «қызыл сызыққа» түскен үйлерді тексеріп, мүмкіндігінше тұрғындарға тиімді етіп шешуге ықпал ететінін жеткізді.

Жұмыс кестесіне сəйкес Қаратау ауданының тұрғындарымен кездескен шаһар басшысы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша Қаратау ауданның əкімі Ғалым Исмаиловтың баяндамасын тыңдады.

Ғалым Исмаиловтың айтуынша, аудан аумағында орналасқан тұрғын алаптар мен шағынаудандардың электр жарығымен қамтылуына зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аудан бойынша ұзын-саны 40 443 тұрғын үй бар болса, оның ішінде 39 866 үй электр жарығымен қамтылған (99%). Ал қамтылмағаны — 413 үй (1%).

Қаратау ауданының аумағы 32 мың 256 га құраса, аудан көлемінде 213 мыңнан астам халық тұрады. Аумағына 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алаптар енген.

— «Тұран» шағынауданының болашағы кемел. Себебі, Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында бұл маңнан «Shymkent City» кешені бой көтермекші. Тіпті, қала жастарының демалуына, серуендеуіне арналған ойын-сауық орталықтары салынбақ, -деді қала басшысы.
Тұрғындарының күнделікті өмірінде аса қажетті коммуналдық мəселені бірінші кезекте шешуге жоба дайындалып жатқанын жеткізген қала басшысы шаһардың  шын жанашыры ретінде кәсіпкер азаматтар өз қаржыларына халық игілігіне қажетті дүниелер жасаса деген ойын білдірді.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі