АЛТЫНОРДА
Новости мира

Порошенко неге Одессаны Саакашвилиге берді?

pic_17dd110f6a9a6e993b2c08ce1ad21396Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиге жаңа жұмыс табылды. Ол енді Одесса облысының губернаторы. Қызық. Украин билігі не себепті шетелдіктің қолына елдегі ең үлкен облыстың бірін ұстата салды екен? Саакашвилиді билік эшалонына тартуда қандай сыр жатыр? Бұл Американың бұйрығы ма, әлде Порошенконың бір ойлағаны бар ма?

Кадрлардың түгесілуі немесе олигархтарды тізгіндеудің бір тәсілі

Саакашвилидің Одесса облысының губернаторы болып тағайындалуы көпті таңқалдырғаны рас. Енді ше, оған алдында елдің Жемқорлықпен күрес бюросының басшысы бол деп өтінген еді. Ол көнбеген-ді. «Өйтер болсам, мен грузин азаматтығынан бас тартуым керек болады. Мен оған дайын емеспін»,- деген. Араға апта салмай жатып, ол әкім болуға көнді.

Мұны көндірген бұрынғы курстасы, қазіргі украин президенті Порошенко. Иә-иә, бұл екеуі кезінде Киев мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар дейтін факультетін бірге тәмамдаған достар.

Саакашвили биліктен кетіп, қайда барарын білмей жүргенде, мұны Петр досы осылай қасына алдыртты. Бірақ, Петекең Мишканы бір замандары досым болды деген аяушылықпен шақырды десек, жалған болар еді. Украинаның жаңа басшысына мемлекетті басқарудың жөн-жосығын білетін кәсіпқойлар керек еді. Ал ондайлар елде тым аз. Өзін саясаткермін деп кеуде соғып жүргеннің көбісі – амбицияның құлдары немесе публикаға ойнауға құмар есерсоқтар ғана. Мұндай командамен ұшпаққа шыға алмасың белгілі.

Не керек, Порошенко шетелдік легионерлерге көз тікті. Бір министрін грузин етті, енді бірі латыш. Міне, енді кезек әкімдерге келді. Петр «экс» деген атқа арланып жүрген Саакашвилиге қолқа салды. Ол көнді, келді! Әуелі өзінің кеңесшісі етіп алды. Елді қалай басқару керек, халық қайтсе билікке сенеді деген сұрақтарға Саакашвили тәжірибесінен мысал келтіріп, кеңес бере бастады.

Украин басшысы бұрынғы досын енді білдей бір облыстың басшылығына қойды. «Ал, еліңде жасаған грузин кереметін мұнда да қайтала» — деді. Саакашвили Грузияда нендей «керемет» жасап еді?

Ол әуелі жемқор шенеуніктің барлығын тырқыратып қуып, коррупцияны түбірімен жойды. Ол келгенге дейін Грузия жемқорлықтан ада елдердің ішінде 124-ші орында еді. 2013 жылғы дерекке сенсек, 50-ші орынға қонжиыпты. Ел экономикасы тұралап тұрған еді. Инвестиция тартып, туризмді дамытты. Батуми, Боржоми, Кутаиси дейтін шаһарлар гүлденді…

Сонымен, «кішкентай Грузияға айналдыр» деп Саакашвилидің қолына ұстатылған бұл Одесса қандай облыс? Мұнда Грузиядағыдай реформаларын сәтті жүзеге асырып, жемқорлықты ауыздықтай ала ма? Әуелі бірінші сұрақтан бастайық:

Одесса облысы – Украинадағы ең қиын өлкенің бірі. Мұнда Киевтің әмірі әлсіз. Бұл жақты жергілікті олигархтар билеп-төстейді. Облыстағы бүкіл зауыт-фабрика солардың қолында. Елдің шығысында соғыс басталғалы бері бұл байшыкештер миллиардтаған ақшасынан бюджетке деп салық төлеуді де ұмытқан сыңайлы. Кемелер бұл портты қалаға миллион тонналап контрабандалық тауарларды әкеліп жатыр, әкетіп жатыр. Әлгі байлардың қауқарының күштілігі сонша, бұл облысқа тек солардың ғана құйыршығы отыра алады.

Порошенко осыны жойғысы келді. Билікке келе салысымен, Днепропетровск өлкесінің олигарх әкімі Коломойскийді орнынан алды. Басы бәлеге қалды. Ол президентті бірде әжуалады, енді бірде тілдеді. Жеке телеарнасы арқылы Петрді жерден алып, жерге салды. Порошенко Коломойскидің адамы саналатын Палица дейтін Одессаның губернаторын орнынан алып тастады. Енді бірер облыста кадрлық ауыс-түйіс жасаса, олигархтарды тізерлетуге болады. Бүгін міне, Донецк облысының губернаторын орнынан алды.

Иә, Палица босатқан орынтақты Саакашвилиге берді. Енді грузиннің алдындағы міндеттерге келсек. Ол 24 ауданның әкімін орнынан алып тастап, конкурс өткізіп, кіл мықтыларды (Киевке бүйрегі бұратын) қоймақ. Мұнан бөлек, Мишекең облыстағы құқық қорғау мекемелерін бір-екі сілкіп, шаңын қағып алмақ. Оның айтуынша, Одессада қылмыстық элементтер өріп жүр. Контрабанда, сепаратистік топтар… Егер Саакашвили одессалық күштік құрылымдарды толығымен Киевке адал етсе, әлгі топтарды ту-талақай ете алады. Әрі бұл өлкеге ресейшілдердің қоқан-лоққысы қауіпті болмай қалады. Расымен де, соңғы кезде ДНР һәм ЛНР дейтін ойыншық мемлекеттің террористері «Одессанаш» деп ұрандатып жүр емес пе?

Айтпақшы, күштік құрылымдардың мықты болғаны – әлгі екеуден бөлек, дәл бүйірінде жатқан Преднестровье дейтін мойындалмаған мемлекеттің агрессиясынан да сақтайды. Қазір Молдава мен Украина бірлесіп, Преднестровье дейтін өлкеге бірде-бір көлік, техниканы жіберіп жатқан жоқ. Ресейдің асырауында бұл сепаратистік мемлекет тағы бір-екі ай қыспаққа шыдай алмай, тарап кетуі де мүмкін. Ресейлік контингент жағдайды түземек болып, бұлқынар болса, одессалық әскер оларға тәп-тәуір тойтарыс бере алады.

Иә, сонымен Порошенко Саакашвили арқылы бірнеше қоян атып алмақ.

Әуелгісі – елдегі олиагрх Коломойскидің саяси салмағын әлсіретті.

Екінші – кадр жетіспеушілігін Саакашвили секілділермен толықтырды.

Үшінші – Путинді ызаландырды. Ресей жергілікті орыстарды шайқау арқылы Одессаны алсақ, әріде жатқан сепаратистік Преднестровьемен байлай саламыз. Сөйтіп, теңізге шығар жолы бар, тұтас бір мемлекет пайда болады деп сеніп еді. Саакашвилидің Одессаға келуі Мәскеудің бұл жоспарын болдырмай қоятынға ұқсайды.

Төртінші – саяси интрига. Батыс елдері көбіне Яценюкке көбірек бүйрек бұратындай ма, қалай өзі? Порошенко қалыптасқан жағдайды өзгерткісі бар. Сол үшін Саакашвилиді Одессаның әкімі етті. Егер грузин өңірде жетістікке жетсе, халықтың қошеметіне бөленеді. Мақтаумен күпінген Саакашвили губернатордың орынтағын азсына бастайды. Енді ше, ол – білдей бір мемлекеттің басшысы болды емес пе? Бірақ, украин азаматтығын енді ғана алғанын еске алсақ, ол 2019 жылы өтетін Президенттік сайлауға қатыса алмайды. Заң бойынша, президенттікке үміткер елде 5 жыл тұру керек дейтін талап бар. Есесіне, Саакашвили Премьер-министрдің орынтағына ұмтыла алады.

Келесі жылы-ақ, Үкімет басшысы болуға тырысса болады. Бұл іс Яценюкке қиын тиейін деп тұр. Егер тез арада экономикалық-әлеуметтік реформа ұсынып, онысын нәтижелі жүзеге асырып, халық көңілінен шықпаса, шетелдік мұның орнын басуы мүмкін. Егер Яценюктің бұл ойға алғаны болып жатса, ешкім ұтылмайды.
Нұрбек БЕКБАУ

http://jaqsy.kz/article/view?id=50