АЛТЫНОРДА
Новости мира

Қырғызстан: алты партия парламентке өту межесін еңсерген

25aaee1707a0d7d040cd3c45376cf550Қырғызстанда бүгін парламент сайлауына қатысқан сайлаушылардың дауыс берген бюллетендерін санаудың алдын ала нәтижесі бойынша, парламентке өтуге қажетті жеті пайыздық межені және 0,7 пайыздық аймақтық межені алты партияның еңсергені хабарланды.

Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясының жергілікті уақытпен сағат 22:00-дағы мәліметі бойынша, сайлауға қатысқан саяси партиялардан жеті пайыздық межеден өткендер:

1. Қырғызстан социал-демократиялық партиясы – 27,48%;

2. «Республика — Ата-Журт» – 20,13%;

3. «Қырғызстан» – 12,75%;

4. «Онугуу-Прогресс» – 9,32%;

5. «Бир Бол» – 8,44%;

6. «Ата Мекен» – 7,76%.

Парламент сайлауында берілген дауыстарды санау әлі жалғасып жатыр. Оның қорытындысы туралы алдын ала ресми мәліметті орталық комиссия дүйсенбі, қазанның 5-күні таңертең жарияламақ.

Ресми мәліметке сәйкес, Қырғызстанда дауыс беру құқығына ие 2 миллион 761 мың 297 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген.

Биыл Қырғызстанның бір палаталы парламентіндегі 120 орын үшін өткен саяси бәсекеге барлығы 14 партия түсті. Олар – «Замандаш», «Мекен Ынтымагы», «Ата Мекен», «Аалам», «Ар-Намыс», Қырғызстан социал-демократиялық партиясы, «Бутун Кыргызстан — Эмгек» (Бүтін Қырғызстан — Еңбек), «Азаттык», «Улуу Қырғызстан», «Конгресс народов Кыргызстана», «Онугуу-Прогресс», «Қырғызстан», «Республика — Ата-Журт» және «Бир Бол» партиялары.

Бұл жолғы сайлау барысын қадағалауға 600-ден аса халықаралық бақылаушы мен шетелдік журналистер қатысты.
 
http://www.azattyq.org/