АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«ЭКСПО – 2017» қай тілде сөйлейді?

expo2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бүгінде ауқымды шараға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұған дейін Елбасының қатысуымен Үкіметтің бірнеше отырысы өтіп, барлық мәселелер бірнеше рет егжей-тегжейлі пысықталған болатын.
Еліміз 2012 жылы ЭКСПО шарасын өткізу мәртебесін жеңіп алған кезде Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде «ЭКСПО – 2017» көрмесін Астанада өткізу туралы шешім тарихи оқиға болып саналатынын айтып, «ЭКСПО – 2017 тарихымыздың тағы бір алтын парағы деп бағалаған еді. «Енді алдымызда «­ЭКСПО – 2017» көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұрғанын, бұл еліміз үшін сын ғана емес, жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Астанада «­ЭКСПО» көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді» деді Елбасы.

Иә, халықаралық шараны ойдағыдай өткізуіміз шарт. Себебі ЭКСПО арқылы барша әлем Қазақстанның өзіндік болмысын, бет-бейнесін, тарихы мен мәдениетін, өнерін, жаңа инновациялық серпінді қадамдарын танып біледі. Сонымен қатар «ЭКСПО» көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсететіні белгілі. Бұл орайда Елбасы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыздылығын да айтқан болатын. «Отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс» екенін жеткізді. Демек, ЭКСПО көрмесі арқылы еліміздің мәдениетін, тарихын танытудың зор мүмкіндігі туып отыр. Осы мүмкіндікті біз барынша пайдалануымыз қажет.
ЭКСПО көрмесінің тарихына зер салсақ, әлемдік маңызы ерекше шара 1851 жылдан бас­тап әр жылдары АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия, Бразилия, Канада, Жапония, Солтүстік Корея, Қытай, Италия, Германия елдерінде өткізіліпті. 2015 жылы Италияның Милан қаласында өтсе, 2016 жылы Түркия елінде ұйымдастырылмақ. Төрткүл әлемнің түкпір-түкпірінен келіп қатысатын мемлекеттердің ЭКСПО-ға өздерінің ең озық техникалық жетістіктерін, технологиялық жобаларын да алып келіп көрсету дәстүрі де бар.
Осындай мәселелерді ойға алғанда біз елімізде келер жылы өткізілетін ЭКСПО халықаралық көрмесінде мемлекеттік тіліміздің де мәртебесін асқақтатуымыз керек. Ол үшін Астанадағы ауқымды шараны мемлекеттік тілде өткізуіміз керек. Сонда ғана Қазақстанды әлем елдері терең тарихы, озық мәдениеті, ұлттық болмысы бар ел ретінде таниды. Бізде кейде халықаралық шаралардың орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастырылып жататыны бар. Біз осындайдан арылуымыз қажет. Былтыр Елбасы БҰҰ сессиясында қазақ тілінде баяндама жасағанда, ана тіліміздің мәртебесі биіктей түсті емес пе? Барша әлем қазақ тілінің үнін естіді. Елбасының баяндамасы барлық тілдерге аударылды. Ешқандай қиындығы болған жоқ. Демек, қазақ тілінің дәрежесін арттыру, оны халықаралық деңгейге шығару өз қолымызда тұр. Тек соған деген ниет, ықылас болса болғаны. Біздің шенеуніктердің, шетелге іссапармен баратын делегациялардың да көбінесе ондағы әріптестерімен орысша сұхбат жүргізіп отырғанын байқаймыз. Бұл да санамызға берік орнығып қалған ескі қағидадай әсер қалдырады. Осындай таптаурын болған түсініктен арылуымыз керек. Ел емеспіз бе? Жарқын болашаққа бағдар алған іргелі мемлекет емеспіз бе? Өз мемлекеттік тілі бола тұра, ресми тілге бүйрек бұруымыз қалай?
ЭКСПО көрмесін өткізген мемлекеттерге назар аударсақ, олар ең алдымен өз елдерін өзгелерге жан-жақты танытуды да мақсат еткендері байқалады. Иә, бұл шын мәнінде солай. ЭКСПО-ның бір мәнісі де сол. Өз мемлекетіңді, соның ішінде мәдение­тіңді, өнеріңді, тіліңді, діліңді, т.б. құндылықтарыңды көрсетіп, насихаттау. 2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен ЭКСПО-ға қарасақ та, я болмаса 2015 жылы Италияның Милан қаласында өткізілген ЭКСПО көрмесіне назар аударсақ та, алдымен қытайлардың, италиялықтардың ұлттық болмысының танылғанын көреміз. ЭКСПО шарасы сол мемлекеттердің мемлекеттік тілінде ұйымдастырылып, сол ұлттың мәдениеті, өнері, өзіндік салт-дәстүрлері асқақтай көрінді. Ал осының бәрін бір арнаға тоғыстырып тұрған ол, әрине, сол елдің мемлекеттік тілі болды. Сөйленген сөздер, жасалған баяндамалар ғана емес, барлық көрнекі жазулар, ақпараттық хабарламалар, ЭКСПО-ға байланысты деректер өз тілдерінде жазылып, мен мұндалап тұрды. Әбден жарасымды көрінді. Әрине, халықаралық шара болған соң ол жерде ағылшын тілінің де қолданылатыны белгілі. Бірақ ағылшын тілі өз тілімізден басым, үстем болып тұрмауы керек.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екенін барша әлем жұртшылығы құр танып қана қоймай, қазақ тілі арқылы қазақ халқының төл өнері мен мәдениетін, тарихын, ұлттық болмысын, ұлы дала өркениетінің ғажайыптарын танып білулері шарт. Ал осыған біз қандай жағдай жасауымыз керек деген мәселе туындайды? Егер де Астанада өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінде мемлекеттік тіліміз тасада қалып, алдыңғы қатарға орыс тілі немесе ағылшын тілдері шығып кететін болса, шетелдік қонақтар Қазақстанды лайықты деңгейде тани алмай қалуы мүмкін. Өйткені тіл дегеніміз – бұл халықтың жан-дүниесіне, салт-санасына жол ашатын кілт. Тек сол арқылы біз әр халықтың өзіндік бет-бейнесін танып білеміз. ЭКСПО-көрмесінде қазақ тілінің мәртебесі асқақ болуы керек деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. Тек сол арқылы біз еліміздің де мәртебесін биіктете түсеміз.
Тіл мен мемлекет, мемлекет пен тіл егіз ұғым екенін түсінетін кез келді. Оны бір-бірінен бөле-жара қарауымызға болмайды. Қазақстан деп айтылған жерде мемлекеттік тіл бірге жүруі керек. Қазақстан делегациясы, Қазақстанның атынан шетелге барған өкілдер қазақ тілінде сөйлеуі керек. Қазақстан және қазақ тілі! Осы екі ұғым қай жерде де бірге насихатталып, бірге танылуы керек. Сонда ғана біз мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, қолданыс дәрежесін арттыра аламыз. Әйтпесе, бәрі бекершілік болып кетуі де ғажап емес. Ол ЭКСПО көрмесі бола ма немесе басқа да халықаралық шаралар бола ма, қазақ тілінің бәсі, өзіндік орны айқын көрініп, сезіліп тұруы тиіс. Кез келген шетелдік қонақ келген кезде оның ойында яки санасында: «Бұл ел қай тілде сөйлейді екен?» деген сауал тұратыны анық. Егер барлық шаралар орыс тілінде ұйымдастырылса, олар Қазақстаннан еліне қайтқан кезде: «Бұл ел орыс тілінде сөйлейді екен» деген ой қалыптасуы әбден мүмкін. Сонда ондай шаралардан біздің ұтқан жеріміз не болмақ? Тілімізді асқақтата алмасақ, қазақ тілі арқылы өз құндылықтарымызды наси­хаттай алмасақ, мемлекетіміздің абыройына сын емес пе? Осы тұрғыдан көп ойланып, бір­қатар нақты шараларды қолға алуымыз керек.
Бізде тағы бір жаман әдет бар. Басы қазақша басталып, әрі қарай өзге тілдер қосарланып кетеді. Неге тек бірыңғай мемлекеттік тілде өткізбеске? Сөйленген сөздер, жасалған баяндамалар қазақ тілінен өзге тілдерге аударылып берілсе, оны да ұйымдастыруға біздің әлеуетіміз жеткілікті. Өйткені елімізде аудармашы мамандарын даярлайтын қаншама жоғары оқу орындары бар. Оларда мыңдаған студенттер дәріс алуда. Жыл сайын мыңдаған мамандар оқу бітіріп шығуда. Демек, аудармашыларға кенде емеспіз. Тек сол жұмыстарды лайықты дәрежеде ұйымдастырып, өткізе білу керек.
Халықаралық ауқымдағы көрмеге аудармашы мамандарымыз дайын ба? Жеткілікті ме деген мәселе туындайды. Осы сауалды біз елімізде шет тілі мамандарын даярлайтын бірегей жоғары оқу орны – Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті аударма және филология факультетінің деканы Бағлан Мизамханға қойған едік.
– Бізде аудармашы мамандар қазақ тілінен шет тілдеріне, шет тілдерінен қазақ тіліне екі түрлі бағытта да даярланады. Біріншісі – жазбаша аудармашы, екіншісі – ауызша аудармашы, яғни синхронды аудармашылар және ізбе-із аударатын аудармашылар. Университеттің «Аударма және филология» факультеті туралы айтатын болсам, біздің факультетті жылына орта есеппен 100 түлектей тәмамдап шығады. Олар негізінен еліміздің Сыртқы істер министрлігіне, әкімдіктерге, аударма агенттіктеріне жұмысқа барады. Оқытушы болып қызмет істейтіндері де бар. Магистратураға түсіп немесе «Болашақ» бағдарламасы бойынша өз білімдерін шетелде жалғастыратын студенттеріміз де бар. Университетіміз тарапынан ЭКСПО – 2017-ге қатысты сөздік, тілашар және еліміздің туристік орындары, үлкен қалалары жайлы ақпараттық кітапша университетімізде оқытылатын 11 тілде дайындалып, жарық көрді. Еріктілерді (волонтерлерді) даярлаудамыз. Екі-үш студентіміз Миланда өткен ЭКСПО-ға университет бойынша 6 студент және магис­транттар қатысты, – деді Б.Мизамхан.
Білікті маман-кадрларды даярлайтын оқу орнында да ЭКСПО-ға байланысты бірқатар жұмыстардың жасалып жатқанын байқадық. Демек, қазақ тілінен әлемнің негізгі тілдеріне аудара алатын аудармашы мамандарымыз жеткілікті деп нық сеніммен айтуымызға болады. Олай болса, еліміздің ЭКСПО – 2017 көрмесін мемлекеттік тілде өткізуге деген мүмкіндігі мол. Қазақ тіліміз – негізгі тілдің рөлін атқарып, қалған тілдерге аудармашылар аударып беріп отырса, өз тілімізді әлемге танытудың бір жолы да осы болмақ.
Тағы бір мәселе. ЭКСПО сияқты ауқымды шараға отандық және шетелдік БАҚ өкілдері де қатысып, хабар тарататыны белгілі. Осындайда мына бір мәселеге де ерекше көңіл қойғанымыз жөн. Қазақстанның баспасөз өкілдері, яғни журналистері ағылшын тілінде шетелдік әріптестерінен кем түспей сөйлеп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені қазақ журналистерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп тұрғаны мерейімізді үстем ете түсері сөзсіз. Сол үшін де қазірден бастап қазақ және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін журналистер қатарын көбейтуді ойластырғанымыз абзал. Ол арнайы курстар арқылы жүзеге аса ма, сабақтар жүргізіле ме, осы жағын да ескеруіміз керек.
Бүгінде ЭКСПО көрмесіне арналған нысандар бой көтеруде. Әдетте, мұндай нысандарға көрмеге қатысатын мемлекет­тердің өкілдері келіп, өздерінің жаңа технологияларын ұсынады. Айтайын дегеніміз бұл емес. Бұл орайдағы негізгі мәселе, нысандардағы көрнекі жазулар, ақпараттық хабарламалар, нысан атаулары – бәрі мем­лекеттік тілде жазылғаны жөн. Неге десеңіз, халықаралық көрме өз елімізде өтіп отырған соң, оның өн бойынан Қазақ елінің исі аңқып, бет-бейнесі көрініп тұруы керек. Әйтпесе, бізде барлық жазуларды шетелше жазу қатты белең алып барады. Естеріңізде болса, ЭКСПО-ға арналған бір алқалы жиын­да Мәдениет және спорт министрі Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы шараның ашылуына Ұлы­бри­­танияның Ковент-Гарден сияқты театрларын шақыратынын хабарлағанда, Елбасы өз еліміздің өнерпаздары болсын деп нақты кесіп айтқан болатын. Бұл деген сөз, ЭКСПО – 2017 көрмесінің көрінісі, сипаты да ұлттық бағытта болуы керек дегенді меңзеп тұрған жоқ па? Ал ұлттық сипат та, ұлттық бет-бейне де мемлекеттік тілсіз, яғни қазақ тілінсіз жасалмайтынын есімізден шығармауымыз керек. Сонда ғана халықаралық шара қазақстандық қолтаңбасымен шетел меймандарының жадында ұзақ сақталатын болады.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

http://anatili.kazgazeta.kz/