АЛТЫНОРДА
Новости Уральска

Әуежайдың әләулайы хәләулайға айналып барады

эйрОсыдан біраз жыл бұрын «Эйр Астана» «Оралға ұшпаймыз» деп кесіп айтты. Отандық тасымалдаушының талағын тарс айырған мәселе – осындағы ұшу-қону жолағының жан шошырлық жағдайы көрінеді. Мұнда қонған «Боингтар» бүлкілдеп, «Эйрбастар» енді келместей боп кетеді екен. Кедір-бұдырлы жолақ бойымен «жүгіріп» келе жатқан ұшақ ішінде жаныңды шүберекке түйіп отырғанның несі жақсы.
Айтыла-айтыла ақыры бұл мәселе Үкіметтің құлағына жетті. Сөйтіп, Көлік министрлігінің «ақ батасымен» ақша бөлініп, биыл жолақты күрделі жөндеу жұмысы басталуы тиіс болатын. Бірақ, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дегендей, жергілікті әуежай басшылығы ши шығарып жатыр. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Көлік министрі Жеңіс Қасымбекке хат жазып, ол хатқа жиырма кәсіпкердің қолын қойдырып: «әуежайды жабуға болмайды, жапсақ қып-қызыл зиян шегеміз» деп байбалам көтеруде. «Жолақты жөндеу жолаушының қауіпсіздігі үшін қажет екендігін ұғынамыз. Алайда жөндеу кезінде Орал әуежайының жұмысын толық тоқтатуға қарсымыз» дейді олар. Әрине, пайдасын көздеген бизнесмендердің байбаламы түсінікті. Дей тұрғанмен, жөндеудегі жолаққа ұшақтың қалай ұшып-қонатындығын ешкім нақты түсіндіріп бере алмай отыр.

Әуежай қожайындарының қойған талабы бір ғана бұл емес. Олар «аэродромға асфальт-бетон төсем тиімді» десе, министрлік «жоқ, цемент-бетон жамылғы жабамыз» деп отыр. «Министрлік бетон жолақ арзан деп отыр. Осындай жолмен бес жыл бұрын төселген Алматы әуежайының ұшу-қону жолағын қазір тану қиын, шұрқ-тесікті жамаудан көз ашпай келеді. Біз өз тарапымыздан асфальт төсеуді ұсынамыз. Бұл тәсілмен әуежай жабылмайды. Яғни, жарты күн асфальт құйып, қалған уақытта рейстерді қабылдай беруге болады. Дәл осы әдіс Астана, Павлодар, Ақтау әуежайларының ұшу-қону жолағын жөндеу барысында қолданылды. Ал егер әуежай жабылатын болса 200 адам жұмыссыз қалып, жолаушылар 500 шақырым жердегі көрші облыстардан ұшуға мәжбүр болады» — дейді Орал әуежайының директоры Хайретдин Расқалиев.

Борис ПОГОНЕЦ, «Real Way» компаниясының жетекшісі:

-Мен Орал әуежайының жағдайымен жақсы таныспын. Министрлік өкілдері айтып жүргендей асфальт төсеу бетон құюдан қымбат емес. Керісінше бетон құю ауыр әрі қымбатқа түсетін жұмыс болып есептеледі. Әрі егер технология сақталмай сәл ғана қателік кетсе бетон аз уақыттан кейін-ақ сапасын жоғалтады. Асфальт болса тез кебеді. Бір сағаттан кейін автокөлікті, екі-үш тәуліктен соң ұшақты көтере алады. Сол себепті жұмысты қысқа мерзім ішінде аяқтауға мүмкіндік туады. Күні бүгін Астана мен Атыраудағы әуежайлардың асфальт төсеміне мамандар тарапынан еш сын тағылған емес. 

Көлік министрлігі қайткенде де өз дегенін орындатпақ ойда. Әуежай басшылығына жолдаған жауабында министрлік өкілдері тек қана цемент-бетон пайдаланылатындығын тағы да шегелеп айтып, мысал ретінде Мәскеудің Шереметьево, Домодедово және Внуково әуежайларын келтіреді.

Дмитрий БАРАБАШ, әуежай жобалаушы:

– Батыс Қазақстанның климатында бетон төсем тиімді. Ал асфальттың кемшілігі көп. Мәселен, ауыр салмақты ұшақтар ұшып-қонғанда асфальт еріп кетеді немесе қиыршық тасқа айналып, ұшаққа зиян келтіруі мүмкін. Құрылысшылардың біліктілігі, технологиялық үрдісті мүлтіксіз сақтауы өз алдына бөлек әңгіме. Бір сөзбен айтқанда мен ұшу-қону жолағын құрыштай берік бетоннан құюды құптаймын.

Негізі, кез-келген жұмыста мәселе оның құнына тірелетіндігі белгілі. Көлік және коммуникация министрлігі ұсынған технико-экономикалық негіздемеге сәйкес, ұшу-қону жолағын жөндеуге 8,5 млрд. теңге қажет екен. Адам болған соң сан-алуан пікір тууы заңдылық. «Күн сайын 3-4 қана рейс қабылдайтын, жылына тасымалданатын жүгі мың тоннадан аспайтын әуежайдың жолағын жөндеуге осыншама қыруар қаржы бөлудің не қажеті бар» деушілер де жоқ емес.

«Тығырықтан шығудың ең тиімді жолы – бұрынғы жолақты күрделі жөндеу дегенді қойып, жаңа ұшу-қону жолағын салу керек. Мысалы, көрші Атыраудағы жаңа жолақ бар-жоғы 3 млрд. теңгеге шықты. Әрі жаңа жолақ салынып біткенше ескі жолақ жұмыс істеп, әуежай да жабылмаған болар еді» — дейді Орал әуежайының директоры.

Қалай болғанда да бұл мәселеде өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешім қажет. Яғни, жолаушылар мен жергілікті бизнес бұдан жапа шекпеуі тиіс.

Автор: Тоқтар Кенжеғалиев, Орал

http://alashainasy.kz/