АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қайрат Нұртас мені қалай өлімнен құтқарып қалды?[:]

[:kz]

 

.Осы әнді естіген сайын жылап қаламын. Сосын, сабырға келіп, өз өзімді басуға тырысамын… Бәрін басынан бастап баяндайыншы. Күйеуім екеуміз әу баста сүйіп қосылдық. Жанды елжіретер тәтті сезім де, сағынып қауыштырар ыстық жүрек лүпілі де болды бізде. Бірақ жылдар өте арамызда сызат пайда бола бастады. Ол – күйеуімнің беті жылтыраған қыз-қырқынға құмарлығы еді. Бәлкім оның бұндай қасиетсіз жолға бет бұруына менің де кінәм бар шығар, кім білген?..

 

Жасы келген соң қояр деген үмітім де жоқ емес-тін. Бірақ ол қырықтан асқан соң тіптен құтыра бастады. Айқайластық та, ұрыстық та, жайлап та айтып көрдім, бірақ қояр болмады. Әке-шешесі де келіп «отбасыңды сақта, басыл» деп талай ақылын да айтты. Бірақ «жартасқа бардым, күнде айқай салдымның» кері шықты. Көп ішетінді, апталап жоғалып кететінді шығарды. Бәріне көндім, бәріне төздім. Балаларым үшін… Қашанғы шыдайын, мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін ғой. Сынып кеткен кездерім де болды. Аузыма алып көрмеген арақтың да дәмін татып көрдім, темекіні де шектім. Бәрі де ішімді удай ашытқан уайым қайғыдан-тын. Көз жасымды көлдетіп, көрер таңды көз ілмей атырған кездерім де көп болды. Бірақ бәрі де бекер. Қанына біткен қасиетсіз тірліктен қол үзіп кете алмады. Қояр болмады. Үмітім де шуда шіптей үзілуге айналды. Артта қалған балалық шақты қайтып оралар деп үздіге күткен ақымақтың үмітіндей еді менікі.

 

Оның түзеліп, тура жолға түспейтіндігі әу бастан-ақ белгілі-тін. Бірақ мен өз өзімді күштеп сендірдім… Соңғы кездері ол тіпті мені қорлап, мазақ ететінді шығарды. Үйге келіп дастархан басында отырып-ақ нақсүйерлерімен беймаарал отырып сөйлесетінді шығарды. Тіпті түн ортасында киініп үйден кетіп қалып та жүрді. Ақыр соңында әбден күйінген мен өз өмірімді өзім қимақ болдым (Құдай өзі кешірсін). Табанының бүрі жоқ еркектен үміт күткенім бекер-ақ екен. Тіпті балаларымды да ойлағым келмеді. Миымды қатырған сан сауал, сансыз күйік мені ақыры осы шешімге әкеп тіреген еді.

 

Сол күні түн ортасында есік алдындағы жазғы асхананың төбесіне шығып, арқан байладым. Ештеңені ойламауға тырыстым. Сәл тоқтап ойлансам бекінген шешімімнен айнып қалардай асықтым. Сол сәт көрші ауладан әдемі бір әуен естілді. Қайрат Нұртастың «Шыда жүрек» деген әні екен. Басталғаннан-ақ тапжылмай тыңдадым. Әннің сөздері дәл маған арналғандай. Тек маған арналып қана шығарылғандай екен. Әр шумағын естіген сайын санама сәуле түсе бастады. Беті бері қарамайтын ақымақ ерім үшін, тіпті балаларымды да ойламай харам іске бел буғанымды түсіндім. Өкіре жыладым. «Арманыңа асығасың, Тасынасың, басыласың. Әр адамның жайы осылай, Кімнен нені жасырасың?!». Расында бүгінде кімнің басында проблемасы жоқ. Әйелдердің бәрі де күйеулерінің жүріскерлігінен азап шегіп жүрген жоқ па? Оны жасырып жапқанмен бүгінгі күннің шындығы осы ғой.

 

«Бұл өмірдің сынағы көп.

 

Шыда бірақ, шыда жүрек.

 

Ертеңіңнен күдер үзбе,

 

«Жаным бүгін жылады», – деп. Расында өмір бойы жылатып келген күйеуім үшін өмірімді қию ақымақтық екеніне анық көзім жетті. Шыдаймын бәріне. Төземін бәріне. Кім үшін, әрине ботақандарым үшін. Әкелерінің осындай тірлігі үшін олар кінәлі емес қой. Өзімді ғана ойлаған эгоистігім үшін қатты қысылдым.

 

«Өмір, өмір, өмір деген,

 

Кімге бақыт, кімге қайғы?!

 

Кейде гүлдеп көңіл деген,

 

Кейде ойыңды мұң қамайды». Өмірімнің қараңғы жақтарын сызып тастап, жарқын сәттерін ғана еске алуға тырыстым.

 

«Уақыт сені тыңдамайды,

 

Қабағына кім қарайды?!

 

Жігері мол адам ғана,

 

Көре алады күнді арайлы». Арайлы күнді көру үшін, балаларымның бал күлкісі, жарқын болашағы үшін бәріне төзуге, сол үшін алға ұмтылуым керек деп өз өзімді жігерлендірдім…

 

Осылайша Қайрат Нұртас мені өлімнен арашалап алып қалды. Сол үшін де алғыс айтамын.

 

Автор: Жайсаң, Ақтау қаласы 

 

alashainasy.kz

[:]