АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Димаш Ниязов – Нью-Йорктің ең үздік полицейі[:]

[:kz]

Өзі Шымкенттен шыққан, қазір АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Бруклин қаласында тұратын Димаш Ниязов бүгінде полицей болып қызмет атқарады. 

Ол таяуда Нью-Йорктің ең үлгілі полицейі атанған. Сондай-ақ ол кәсіпқой бокспен айналысады. Жетістігі де жаман емес. Күні кеше 11-ші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Ал ол сонау АҚШ-қа қалай барды, оның шет елге қоныс аударуына не себеп болды?

«Менің әкем Исмат Ниязов бала күнінен спортпен айналысқан, – дейді Димаш. – Бокста әжептеуір жетістікке жеткен. Алайда бар арманы теңізде қызмет ету болыпты. Сөйтіп 1985-жылы Архангельскідегі училищені тәмамдаған. Кейіннен Ленинградтағы теңіз академиясына оқуға түскен. Біраз жыл осы салада еңбек еткен. Бірақ кейіннен отбасылық жағдайға байланысты бәрін тастап, Қазақстанға оралыпты. Айтпақшы, әкем Ресейде жүргенде атақты кикбоксер Питер Артспен достасқан ғой. Шетелге қоныс аударуына сол кісі себепші болыпты. Алдымен Нидерландыға, кейіннен Нью-Йоркке көшкен. Сөйтіп америкалық балаларды кикбоксингке, тай боксына жаттықтырып, жақсы нәтижеге қол жеткізгесін АҚШ азаматтығын алған. 1998-жылы анам мен кіші інімді көшіріп алған, ал мен тек 2002-жылы әрең дегенде ата-анаммен қауыштым.  Оған дейін атам мен әжемнің үйінде тұрдым.

АҚШ-тағы алғашқы жылдар маған оңай болмады. Араласатын достарым жоқ. Ағылшын тілін де білмеймін. Содан анам менің ертерек ағылшын тілін үйренуіме күш салды. Оқытты, үйде тек ағылшын тілінде сөйлеуімді талап етті. Осылайша мен екі жылдың ішінде ағылшын тілін жетік меңгеріп шықтым».

…Димаш бауырымыз алдымен анасы Салтанаттың жолын қуып, медициналық университетке оқуға түскен екен. Алайда араға үш жыл салып, оны тастап кетіпті. Онысын: «Полиция  академиясында білім алу мүмкіндігі туғанда бас тарта алмадым», – деп түсіндіреді Димаш.

Айтқандай, кейіпкеріміз Шымкентте тұрғанда белгілі бокс жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллиннің шәкірті болған. Бала күннен бокспен шұғылданып жүрген жерлесіміз бүгінде тәп-тәуір жетістікке жетіп жүр. Алғашқы бапкері Н.Сафиуллин Димаштың талантты боксшы екенін айтады, ол кісі Димаштың болашақта Геннадий Головкиннің жолын қуатынына сенімді көрінеді.

«Шынымды айтсам, жаттығу жасауға уақытым аз, – дейді Димаш. – Жұмысымыз оңай емес. Бірнеше минуттан кейін қандай жағдай орын аларын білмейсің. Кейде тыйым салынған жерге тоқтаған жүргізушілермен жұмыс жасайсың, ал кейде отбасылық дау-жанжалдарға араласуға тура келеді. Ондайда ұрысып, төбелесіп жатқан адамдардан қандай қауіп келерін білмейсің. Бірақ, Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін тапанша пайдаланып көрген емеспін. Бокспен айналысатыным осындайда кәдеге жарап жатады».

Димаш Ниязов былтыр есірткі саудасын жолға қойған өте атақты қылмыскерді қолға түсіріп, басшыларының алғысын алған. Сондай-ақ қаржылай сыйақы алып, қызметі жоғарылаған. Нью-Йорк штатының ең үлгілі полицейі атағын иеленген.

Осы ретте айта кеткен жөн шығар, АҚШ-та полицейдің туған-туыстарына да жеңілдік қарастырылған екен. Мәселен, қандай да бір себеппен полицей сізді тоқтатса, ал сіздің Димаш Ниязовтың туысы екеніңізді растайтын арнайы карточкаңыз болса, онда сізді босатып жібере салады екен.

«Мен басқа салада қызмет ете алмайтын сияқтымын. Полицей болу маған ұнайды. Бокста қандай жетістікке жетсем де, қызметімді ешқашан тастамаймын», – дейді Димаш.

Димаштың ұнатып жүрген қызы бар. Есімі – Дженифер. Соған өзі туып-өскен Қазақстанды, әсіресе Шымкентті көрсетсем деп армандайды. Сондай-ақ Астанадан бокс клубын ашсам деген мақсаты бар.

«Туған-туыстарымыздың бәрі Қазақстанда. Бала күнгі достарыммен де дұрыстап араласа алмаймын. Сағынамын. Сондықтан кейде Қазақстанға көшіп келсем қайтеді деп ойланамын. Бірақ оны болашақта көре жатармыз», – дейді Димаш.

Ниязовтар отбасы АҚШ-та жүрсе де қазақтың салт-дәстүрін ұмытпапты. Олар елімізде болып жатқан барлық жақсылы-жаманды оқиғалардан хабардар болып отырады екен. Димаштың 23 жастағы інісі Қуаныш та ағасының жолын қуып, полиция академиясына құжат тапсырыпты. Сондай-ақ ол да әуесқой бокспен айналысады екен.

…Өз ойын қазақ тілінде жеткізуде аздап қиналғаны болмаса Димаш өте ақкөңіл жігіт екен. Қазақ десе, Қазақстандағы бауырлары десе бүйрегі бұрып тұратынын жасырмады. Ал біз өз кезегімізде оған мықты денсаулық пен еңбегіне табыс тіледік.

А. БЕК

 Zamana.kz 

[:]