АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Дем салдыру дұрыс па? [:]

[:kz]

A-man-reads-the-Quran-at-004«Түкірту», «дем салдыру» деген түсініктер бар қарапайым отбасыларда. Баланың қызуы көтерілсе де, мазасызданып жыласа да қазақшылығы бар кісілерге ала жөнеледі. Бұл дұрыс па?

Дем салу ислам шариғатына жат емес. Ол Пайғамбарымыздың сүннетінен бастау алған. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде арнайы аяттар түскен. Пайғамбарымыз өзіне және отбасы мүшелеріне Құран аяттарымен және арнайы дұғалармен дем салған. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны белгілі. Сүннетке сәйкес дем салу мұсылмандар арасында кеңінен тараған. Муслим риуаят еткен Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішінде серік қосу сөздері болмаған дұғалармен емделудің әбестігі жоқ» делінген. Дегенмен дем салудың өзіндік тыйымдары да бар. Дем салу тек Құран аяттарымен және сахих хадистерде келген, шариғатта бекітілген дұғалармен жүргізіледі. Құранда жоқ, шариғатта бекітілмеген мағынасыз сөздерді қолданып дем салу харам деп саналады. Дем салу кезінде Аллаға ғана дұға етіп, жәрдем тілеу қажет.

Құран аяттары мен тиісті дұғаларды білетін әрбір адам өзіне-өзі дем сала алады. Білмеген жағдайда өзгелерге дем салдырудың да әбестігі жоқ.Қазақ ілім иесін, Құран сөзін сыйлағандықтан әдетте молдаларға, арабша оқуы бар адамдарға дем салдыруды жөн көреді. Аяттар мен дұғалардың дұрыс оқылуының мәні зор екенін ескерсек, арнайы білімі бар адамның дем салуы шынында да абзалырақ. Ал демнің шипа болмағы – Алла Тағаладан.

Дем қалай салынады дегенге келсек, Пайғамбарымыз әдетте қолын ауырған жерге қою арқылы дем салған. Кейде қолына дем салып, жүзіне, денесіне сүрткен. Жын иектеген кей адамдардың аузын ашып, үшкіріп, дем үрлеген. Қазақта негізінен үшкіру (дем үрлеу) әдісімен дем салады.

Ал түкірту – қазақтың төлтума дәстүрі. Қазақта көз тиюді «ит тию» деп атайды, көз тиген балаға түкіріп беретін адамдарды «итке түкіреді» деп атайды. Үлкейгенде итке түкіретін болсын деп, баланың құлағын иттің жүнімен тесіп жатады. Көз тигенде түкірту үшін осындай құлағы иттің жүнімен тесілген немесе назары бар (көзі тиетін) адамдарға апарады. Олар өздері білмеген жағдайда арнайы аят-дұға оқымаса да Алланың атымен: «Ағузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп бастап, түкіріп жатады. Мұндай әрекеттердің шипасы болу-болмауы бір Аллаға аян, дегенмен бұл халықтың шипа табу ниетінен туындаған, исламмен астасып, жалғасып келе жатқан бір дәстүрі болып табылады.

 http://alashainasy.kz

[:]