АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бүгінгі ұрпақ Семей полигонының зардабын әлі тартып келеді[:]

[:kz]

Халқымыздың басына қара бұлт үйіріп, талай қазақ отбасыларына қасірет болып жабысқан Семей полигонының күні бүгінге дейін зардабын тартып келе жатқан жандар бар. Қырық жыл бойы жүргізілген сынақтың кесірі ұрпақтан ұрпаққа өтіп, уақыт өткен сайын полигонның салдарынан бүгінгі буын азап шегуде. Бұған дәлел, қазіргі Семей өңірінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың көптігі. Осы орайда ауыр дертке шалдыққан жандарға аз да болса жәрдем етуді азаматтық парызым деп санайтын азаматтар таяуда Семей өңірлік онкологиялық орталығына жаңа медициналық құрылғылар тарту етті.

 

Қоршаған ортаға, табиғатқа, адамзатқа орасан зиянын тигізген ядролық қару сынағы қаншама адамды қыршындай қырып, ауруға ұшыратты, өңірде өлім саны артты. Еліміз егемендік алған соң ғана көзіміз ашылып, ядролық қарудан құтылатын күн туды. 1992 жылдың 29 тамызында Семей полигоны жабылып, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Заң қабылданды. 

Семейде полигонды көзімен көрген, басынан өткерген жандар сол бір тажалдың зардабын әлі күнге ұмытқан жоқ. 

Бүгінде Семей өңірлік онкологиялық ауруханасында жүздеген науқас ем қабылдауда. Ауыр дертке шалдыққан жандар ерекше күтімге зәру. Оларға аз да болса көмек көрсету мақсатында А.Жакулин атындағы қайырымдылық қоры ауруханаға құны бірнеше миллиондық құрылғыны тарту етті. Семей өңірлік онкологиялық орталығына әкелінген заманауи жаңа төсектік мониторлар қажетті деректерді дер кезінде алуға, және жағдайы аса ауыр науқастарға тәуліктік бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

 

қоғам қайраткері Алмас Ахметбекұлының айтуынша, қордың негізгі мақсаты – қатерлі ісікпен күресу, ауруға шалдыққан азаматтарға қамқорлық жасау. Белгілі кәсіпкер Асқар Жакулин де осы қатерлі дерттен көз жұмған болатын.

 

Семей Қазақстан бойынша обыр және ақ қан секілді, анемия секілді ауруларға шалдыққан науқастар саны жағынан көш бастап тұр. Уақытына жетпей босану, шала, әлсіз баланың туылу көрсеткіші де жоғары екен. Демек полигонның зардабымен әлі біраз жыл күресуге тура келеді.

 

Айнұр Нұрсабет

alashainasy.kz

[:]