АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Айдын ТОҚСАНБАЕВА: «Жақсылық жасау үшін ниетіңіз болса, сол жеткілікті»[:]

[:kz]

Без названия (1)Ол – Айдын Тоқсанбаева. Әлеуметтік желілерде өте белсенді жан бүгінде қарттар үйіндегі қарияларға, өте ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына жәрдем беретін «Қайырымды жандар» дейтін еріктілер тобын құрған. Біздің Айдын ханыммен өрбитін сұхбатымыз да осы тақырып төңірегінде болмақ.

–  Айдын, әңгімемізді сіздің туып-өскен жері­ңізден, отбасыңыздан бастасақ…

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласы, Хантағы ауылында дүниеге келгенмін. Бірақ кейін әкемнің жұмысына байланыс­ты Өскеменге көштік, қазір Алматы қаласында тұрамыз. Отбасында бес жанбыз, жұртқа жақсы таныс Лена әжем, әкем мен анам және әпкем бар. Таяуда ғана тұрмысқа шығып, киелі Тараз қаласының келіні атандым. Мырзаммен (күйеуі) «Қайырымды жандар» деп аталатын еріктілер тобы арқылы танысқанмын.

– «Қайырымды жандар» демекші, осы топтың құрылуына не түрткі болды?

– Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген жақсы сөз бар ғой. Біз әжеміздің тәрбиесімен сусындағанбыз. Әкеміз бен анамыз таңнан кешке дейін жұмыста-тұғын. Содан  әжеміз  бізге үй шаруасын қалай істеуді үйретті. Ақыл-кеңесін де аямайтын. Әлі есімде, әжем үнемі теледидардан қараусыз қалған, бала-шағасы безінген қарияларды көрсе көзіне жас алатын. Кейде бауырсағын, нанын пісіріп, тәттілерін алып қарт­тар үйіндегі құрдастарына барып қайтатын. Біз есейген шақта: «Қарттар да бала сияқты, бір ауыз жылы сөзге зәру. Сондықтан қолдарыңнан келсе оларға қол ұшын беріңдер, қуантуға тырысыңдар. Қолыңда барыңмен бөлісіңдер», –  деп айтатын. Оның үстіне, жасырып қайтейін, біздің де отбасымызда таршылық көрген, киерге киім, жерге нан таппай қиналған кездеріміз болды. Солардың бәрін өзім іштей түйсініп, «Кейін, өскенде жағдайы жоқ жандарға көмектесетін боламын!» деп өзіме сөз бергенім бар. Осы жағдайлар «Қайырымды жандардың» құрылуына себеп болды. Шүкір, қазір Қазақстанның 9 қаласында еріктілер тобы құрылған. Алғашқы жұмысымызды «100 ата-апа кеші» деген іс-шараны ұйымдастырумен бастадық. Яғни әр қаладағы қарттар үйін паналаған ата-әжелерге арнап мейрамханада дастархан жайдық. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздары келіп әндерін шырқады. Еріктілер тобының мүшелері ол кісілерге барынша қызмет көрсетіп, көңілдерін аулады. Уақыт өте келе ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балаларға қаржылай көмек көрсететін болдық. Ол үшін түрлі жәрмеңкелер, қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, одан түскен қаржыны әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа ашық жариялау арқылы мұқтаждар­ға тапсыратын жағдайға жеттік.

– Жақсылық жасау үшін көп қаражат керек дейтіндер де бар. «Қайырымды жандар» тобына мүше болу үшін расында да ақша керек пе?

– Иә, ол рас. Заман сондай боп кетті ме, әлде адамдардың пайым-парасаты соншалықты төмендеп кетті ме, қазір көпшілігі барлық нәрсені ақшаның құнымен өлшейтін болды. Ал шындығында жақсылық жасау үшін кейде көк тиынның да керегі болмай қалады. Ниетіңіз болса, сол жеткілікті. Үйіңізде ұн мен тұз, май бар ма, содан шелпегіңізді пісіріңіз, бір-екі кило кәмпиттеріңізді алыңыз да, балалар үйіне барыңыз, олармен балаша ойнаңыз, әңгімелесіңіз. Соның өзі үлкен сауап. Мәселен, біз күні кеше ғана Ақтөбе қаласынан ауыр сырқатқа шалдыққан қызын әкелген бір ананы вокзалдан күтіп алып, оны жалдамалы пәтерге апарып жайғастырдық. Шынтуайтына келгенде, біз ол пәтер үшін ақы төлеген жоқпыз. Тек әлгі әйелдің өтініші бойынша ыңғайлы пәтер тауып беріп, жеткізіп салдық. Меніңше, осындай істі кез-келген адам жасай алады. Ал енді «Қайырымды жандар» еріктілер тобына мүше болу үшін ақша керек деген ойдан арылу керек. Бойыңызда қуат, көзіңізде қайырымдылық жасауға деген от-жалын, құштарлық болса, тіліңіз қазақ, жүрегіңіз қазақ деп соқса, сол жеткілікті. Арнайы құрылған жоспарымыз бойынша бірлесе жұмыс істей береміз.

– Сіздің Лена әжеңізді біз кезінде «Замана» газетіне жазғанбыз. Сіздер ол кісінің әлемнің бірнеше еліне саяхаттатып едіңіздер. Ал кей жастар ата-әжелерін шетелге қыдыртпақ түгілі, жанында ертіп жүруге ұялады. «Олар не біледі дейсің?!» деп ойлайды…

– Ол рас, кей қыздар мен жігіттер ата-әжесі түгілі ата-анасынан намыстанады. «Олар соны түсінеді дейсің бе?!» деп жаңадан ашылған мейрамханаларға, театрларға апармайды. Тіпті жаңадан ерекше бір тағам шықса да дәмін татқызбайды. Ата-анасымен уақыт өткізгенше дос-жарандармен орынсыз қалжың, бос әңгіме айтқанды ұнатады. Ал біздің отбасымызда мұндайға орын жоқ. Қайда барсақ та, не істесек те жұбымыз жазылмайды. Шетелге қыдыратын болсақ, әжемізді де қалдырмаймыз. Өйткені ол кісі де кезінде бізді, біздің әкемізді осылай өсірген жоқ па?!  Ендеше, неге біз енді сол істерінің қайтарымы ретінде қуаныш сыйламаймыз?! Біз қазір әжемізді кафе-мейрамханаларға апарамыз, көңілі нені қалайды, соны орындауға барынша тырысамыз. Көңіліне қаяу түспесін, әр күнін қызықты өткізсін деп бар жағдайды жасаймыз. Ол кісі соған балаша қуанады… Жастарға да айтарым, кезінде ата-анаң немесе әжең: «Осы бала не біледі дейсің?!» деместен, күні-түні сені білімге бау­лыды. Жаңа нәрсе үйренсін деп сенің әр сұрағыңа бар ынта-ықыласымен жауап берді, еркелігіңді, тентек­тігіңді көтерді. Ендеше, осы қарызыңды бір ауыз жылы сөзіңмен қайтара біл! Көңіліне қаяу түсіретін сөз айтпа. Өзің көріп жатқан дүниенің игілігін оларға да көрсет!

– Таяуда ғана келін атаныпсыз. Ата-енемен, отағасымен қарым-қатынас жасауға қатысты айтарыңыз бар ма? Тұрмысқа шығайын деп жүрген қыздар нені білгені жөн?

– Отбасылық өмірге қатыс­ты ешкімге ешқандай ақыл айта алмаспын. Себебі тәжірибем аз. Дегенмен әжем мен анамның өзіме айтқан ақыл-кеңесін қыздарға айтайын, біле жүрген артық болмас. Негізі келін болу – өте маңызды қадам. Өзге үйдің ақ босағасын аттауға шешім қабылдадың ба, демек өміріңнің жаңа белесіне қадам басқалы тұрсың. Оны қандай ниетпен бастайсың, кейінгі өмірің соған байланысты болмақ. Сондықтан ақ босағаны адал, кіршіксіз пәк көңілмен аттағайсың. Енем мені қалай қабылдайды екен? Ертең ол маған бүй десе, мен былай деуім керек. Барған күннен күйеуіме айтқанымды істетемін деген ойдан арылу қажет. Әке-шешеңе не тілесең, атаң мен енеңе де соны тіле. Оларды жақсы көр, себебі ендігіде сенің жаманыңды жасыратын да, жақсы жағыңды асыратын да сол кісілер. Сондықтан қолыңнан келсе жақсылық жаса, жылы сөзіңді айт, әйтпесе үндеме. «Кең болсаң кем болмайсың» деген жақсы сөз бар ғой, соны өмірлік ұран етіп қабылдауға кеңес берер едім.

– Айдын, кеңестеріңізге көп рахмет. Ал енді «Қайырымды жандар» еріктілер тобына қосыламын дейтін жастар қайда, кіммен байланысуы керек?

– Мені «Фейсбук», «Инстаграм» парақшаларынан «Janym Baklajanym» деген атпен іздесе, оп-оңай таба алады. Немесе 8-701-066-66-55 телефонына хабарласа алады.

Сұхбаттасқан – А. БЕК

Zamana.kz

[:]