26 августа, 2013 Нет комментариев

ҚЫРҒЫЗ НӨМІРІН ТАҚҚАН КӨЛІКТЕР ЕЛІМІЗДЕ ҚАНША УАҚЫТ ЖҮРЕ АЛАДЫ?

1913bb4cffe2d0e67f3b18e47f01d0f7Ағымдағы жылдың өткен жеті айында облыс аумағына Кеден одағына мүше емес мемлекеттерден жеке пайдалану үшін заңды түрде 173 жеңіл көлік әкелінген. Олардан түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі – 156 млн 212 мың 719 теңге.
Ал соңғы кездері көрші қырғыз автокөліктерін Қазақстан аумағына заңсыз әкелу фактілері тыйылмай тұр. Керісінше уақыт өткен сайын артып келеді. Көршілес жатқан елден екі есе арзан бағаға алған автокөліктеріне мәз-мәйрам болған бауырларымыз мұның заңсыз екендігіне мән бермей «бұл не деген батпан құйрық?» демей, оңды-солды қала, ауылдарда жүйткуде. Оның үстіне айырқалпақты ағайындармен аралас жатқан әулиеаталықтар қырғыз көліктеріне деген қолжетімділіктің артын бағып жатқан жоқ. Бұған Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінде қозғалған әкімшілік істердің талдауы куәландырады. Ағымдағы жылғы 7 айдың ішінде облыс кеденшілерімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 430 бабымен (кеден ережелерін бұза отырып, кеден одағының кеден аумағына әкелінген тауарларды және көлік құралдарын тасымалдау, сақтау, иемденіп алу, пайдалану немесе билік ету) 186 әкімшілік іс қозғалған. Департаментпен бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, жеке пайдалану мақсатында қырғыз көліктеріне қонжиғандардың саны азаяр емес. Осы және басқа да көлік құралдарын әкелу-әкету тәртібі туралы және мұндай көлік құралдарын тасымалдау кезінде Кеден заңнамаларын бұзудың зардабы төңірегінде Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Гүлмира Мұхамеджанқызымен тілдескен едік.

– Жалпы, қырғыз нөмірін таққан автокөліктердің елімізге келу легі қай кезден басталды?

– Қазақстан Кеден одағына кіргеннен соң кедендік баждарының мөлшері өзгерді. Ол Кеден одағының барлық елдеріне бірдей болды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасынан және Кеден одағының елдерінен әкелінетін автокөліктердің кедендік баждардың арасында үлкен айырмашылық туындады. Көрші мемлекетте автокөліктердің бағасы арзан болғандықтан, Қазақстанның азаматтары Кеден одағының заңнама талаптарын бұза отырып, жеке пайдалану үшін автокөліктерді сатып алу арта түсті. Мысалы, біздің кедендік баждар Кеден одағының аумағында кеңінен таралған (шығарылған мерзімінен бес жылдан астам пайдалануда жүрген, қозғалтқыштың (двигателінің) көлемі екіден үш мың см3-қа дейін) автокөліктерге бір сантиметр кубқа 4 евроны құрайды. Кеңінен таралған 2006-2007 жылы шығарылған «Фольксваген» және «Тойота» автокөліктерін алайық, қозғалтқыш көлемі 2500 см3  2500-ді 4-ке көбейтеміз. 10 мың евро шығады, яғни 2 млн теңге шамасында. Көбінесе, автокөліктерді рәсімдеу кезінде кедендік баждар және салықты төлеу мөлшері сатып алынған көліктің бағасынан асып кетеді. Азаматтарға Қырғызстанда сатып алынған арзан автокөліктерді кедендік тазалауды жүргізу тиімді емес, сондықтан олар қолданыстағы заң талаптарын өрескел бұзып отыр.

 

– Қырғыз нөмірі тағылған автокөліктер кеден шекарасынан бөгетсіз өтеді. Ендеше бөгетсіз өткен көліктердің Қазақстан аумағында жүруіне кеденшілер мен жол полициясы қызметкерлері неге тыйым салады?

– Орынды сұрақ. Жеке тұлғалар шекараны өту кезінде заңды бұзбайды, өйткені көлік құралын кез келген шетел азаматы кеден шекарасынан кедергісіз айдап өте береді (біздің жағдайда Қырғызстан Республикасының азаматы). Кеден Одағының кеден заңнамасымен бекітілген, шетел азаматы жеңілдік тәртіппен Қазақстан аумағына 1 жылдан аспайтын мерзімге көлік құралын алып келуге құқығы бар. Осыны оңтайлы пайдаланған Қазақстан азаматтары Қырғызстанға барып, автокөлік сатып алады да, автокөлік иесімен кеден шекарасынан алаңсыз өтеді. Шекарадан ұзап кеткеннен кейін, сатып алушының атына автокөлікті басқаруға сенімхат рәсімделеді. Кейбір кезде Қырғызстанның аумағында рәсімделген сенімхат кеден органдарына ұсынылмайды. Шекараны өту кезінде мұндай құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік жоқ. Өйткені барлық өтіп жатқан шетелдік азаматтар автокөлік құралдарын сатуға бара жатқандығын мәлімдемейді ғой. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, шетел азамат қандай заңға сүйеніп, басқа мемлекеттің азаматына мүлігін басқаруға сенімхат бере алады.

 

– Қырғыз нөмірі тағылған автокөліктерді біздің елдің азаматтарының басқаруындағы нақты заңбұзушылықты түсіндіріп беріңізші?

– Егер жеңілдетілген тәртіппен кеден шекарасынан өткен автокөлікті шетелдік азамат емес біздің елдің азаматы басқарса, ондай жағдайда кеден ережелерін бұзушылық болып саналады. Қазақстан аумағында көлік құралымен тек шекараны жолаушылар кедендік декларациясымен өткен тұлға ғана басқара алады. Ондай болмаған жағдайда Кеден заңнамасын бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 430-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

 

– Мұндай құқық бұзушыға қандай жаза қолданылады?

– Әкімшілік іс сотпен қарастырылады. Құқық бұзушылықтан 5-тен 10-ға дейін бір айлық есеп көрсеткіш айыппұл төленеді (8655 ден 17310 теңге). Бұдан басқа, құқық бұзушылықтан кедендік баждарды және салықтарды төлеуге жататын құқығы айырылмайды. Яғни өзге емес ел азаматы басқа біреуге автокөлікті берген мерзімінен бастап, кедендік баждарды және салықтарды төлеу бойынша жауапкершілік басталады. Кедендік төлемнің көлемі – 60 евро, баждардың көлемі – көлік құралының шығарылған жылы және қозғалтқыштың көлеміне байланысты, ҚҚС – көлік құралының кедендік бағасынан құралған, кедендік төлем және баждардың  соммасының – 12 пайызы, яғни ҚҚС=(авто.кедендік құны+баж+кен.төлем)х12%.

 

– Енді, осындай құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында кеден органдарымен қандай шаралар жүргізілуде?

– Біздің еліміздің барлық облыстарында мұндай фактілерді анықтау үшін кеден органдары және жол полиция органдарымен бірлесіп рейдтер жүргізілуде. Қырғыз нөмірімен автокөлік жүргізушілер жол ережесін бұзу фактілерін ескерсек, жол полициясы органдары өздерінің бағыты бойынша мұндай фактілерді анықтап кеден органдарына материалдарды тапсырады. Сонымен қатар заң бұзушылыққа барлық жерде қарсы күрес жүргізілуде.

 

– Қазақстан азаматтары шетелден автокөлікті сатып алып, заңды түрде оны уақытша  әкеле алады ма?

– Әрине, әкеле алады. Бірақ жарты жылдан аспайтын мерзімге және кедендік төлемдермен салықтардың төленуін қамтамасыз еткен жағдайда ғана. Яғни олар автокөлікті белгіленген тәртіпте кедендік тазартудан өткен кезінде төленетін соманы кеден органдарының есебіне салуы қажет. Одан да басқа кедендік төлемдерді және салықтарды басқа жолмен қамтамасыз етуге болады: банктік кепілдік, кепілдік, мүлік кепілдігі, сақтандыру келісімшарты сияқты. Осылайша жеке тұлға кеден органының резиденті шет мемлекетте есепте тұрған автокөлікті уақытша әкеле алады, бірақ жарты жылдан аспайтын мерзімге. Егер де көлік құралы шетел мемлекетінде тіркелмеген жағдайда, оны шекарадан өткізу кезінде таңдалған кедендік рәсімдерге сәйкес барлық кедендік төлемдермен салықтар төленетін тауарлар сияқты, белгіленген тәртіпте қаралады.

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы

http://www.aikyn.kz/articles/view/28696

 

Добавить комментарий