20 марта, 2015 Нет комментариев

АСТАНА ГАЗСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

0106f576ec357d0b3eeb69e851270779Астанаға газ құбырын тарту жо­басы аяқсыз қалмайды. Ал рес­пуб­ликаны газдандыру жоспары ая­сында 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтылады.
Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, Астанаға тартылатын газ құбырының бекітілген техникалық-экономикалық негіздемесі бар. Жобаның құны да анықталып қойған. Алайда дәл қазір газ құбырының құры­лысы уақытша тоқтап тұр. Бұл туралы арнайы шешім қабылданған.

– Бұл шешім Астанаға газ құбырын тартпаймыз дегенді білдірмейді. Алдағы уақытта жоба жүзеге асырылады, ол аяқсыз қалмайды, – деді вице-министр.

Бұдан кейін М.Мырзағалиев ел Үкі­меті өткен жылы республикамызды газ­бен қамтамасыз етудің 2015 – 2030 жыл­дарға арналған Бас сызбасын бекіткенін баяндап, межелі мерзімге дейін 13 облыс газбен қамтылатынын жеткізді.

Оның айтуынша, қазір еліміздің 42 пайызы газбен қамтылып отыр. Бас сызбаға сәйкес, бұл көрсеткіш 56 пайыз болады.

– 2030 жылға дейін газ саласына 656 млрд теңге инвестиция құйылады. 2014 жылы республикада табиғи газды тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метрге жетті. Ал газ өндіру көлемі 43,2 млрд текше метрді құрады, – деді министрдің орынбасары.

М.Мырзағалиев табиғи газдың экс­порты туралы да сөз қозғады. Вице-ми­нистрдің мәліметінше, былтыр Қазақстан газ экспортын 6 млрд текше метрге жеткізіпті.

– Каспий қайраңында ашылған кен орындарын қоса алғанда, еліміздің геоло­гиялық ресурстары газ бойынша 6-7 трлн текше метрден асады. Шығарылатын қор 3,9 трлн текше метр. 2014 жылы 43,2 млрд текше метрді құрады, соңғы 4 жылмен салыстырғанда бұл 2 есеге артық көрсет­кіш, – деді ол.

Осыдан соң вице-министр елімізде газ құю стансаларының саны артатынын айтты. «Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» компаниясы, сонымен қатар «Гелиос» жанар-жағармай құю стансасы желісі газды автокөліктерге отын ретінде пай­далануды көпшілікке тарату бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сәйкесінше, болашақта елі­міз­де газ құю стансаларының саны көбе­й­еді. Қазақстанда әзірге осы отын түрі кеңінен тұтынылмайды. Бұған тиісті стан­салардың жеткіліксіздігі бірден-бір себеп болып отыр. Әлемдік бағаның төмендеуі нәтижесінде, наурыз айынан бастап біз сұйытылған көмірсутекті газдың шекті көтерме бағасын бекіттік. Оның дейгейі тоннасына 11 мың теңге көлемінде ай­қын­далды. Енді отынның осы түрі қол­жетімді болады» деді М.Мырзағалиев.

Вице-министрдің пікірінше, Қазақ­станның Солтүстігі мен Шығысын АЭС-тің электр энергиясымен қамту тиімді болады. Бұл туралы ол былай деді: «Өзде­ріңізге мәлім, қазір дүниежүзі бойынша Атом электр стансасынан шығарылатын энергияның құны ең тиімді. Екіншіден, салынып жатқан «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» жобасы бойынша алдымен оңтүс­тіктегі елдімекендерге газ тарту жоспар­ланған. Бұдан артылған газ экспортталады. Павлодар облысында шығарылатын кө­мірдің құны арзан болуына байланысты, Екібастұзда шығаратын электр энергиясы өте тиімді. Сондықтан Солтүстік пен Шы­ғыс өңірлерге электр қуатын тарту үшін ең тиімдісі АЭС деп ойлаймыз»

Қанат МАХАМБЕТ, Астана

http://www.aikyn.kz/

Добавить комментарий