АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]  Жанаткүлге Мәскеуден де хабарласып жатыр екен [:]

[:ru]

[:kz]

zhanatkul«Мына өмірде қайырымды, Құдайға қараған адамдар көп екен. Сіздердің арқаларыңызда өмірге деген құштарлығым оянды. 

Жомарт жандар суық күнде жанымды жылытып, қолынан келген көмегін аянбай беріп жатыр. Осы себепті «Замана» газетінің ұжымына, әсіресе менің жай-күйіме бейжай қарамаған тілшілеріңізге алғыс айтамын. Алланың нұры жаусын!»

Бұл – Жанаткүл Баелованың шын көңілден айтқан сөзі. Естеріңізде болса, Жанаткүлдің Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде тұратынын, оның бала күннен қиындықтан көз ашпай келе жатқанын біз «Замананың» өткен нөмірінде жазғанбыз. Сол сәттен бастап оған хабарласып, шама-шарқынша көмектесіп жатқан адамдар өте көп екен.

«Шынымды айтсам, менің тағдырым жұртты осыншалықты қызықтырады деп ойламаппын, – дейді Жанаткүл. – Мақала жарияланғаннан бергі бір аптаның ішінде телефонға тыным болмай кетті. Күніне шамамен 50-60 адам хабарласады. Көбісі жылы сөздерін айтып, жұбатып жатыр. Енді бірі: «Үйіме келіп тұр. Жайлы баспана, жылы жатын орынмен қамтамасыз ете аламын. Тек тірлігімді істеп жүрсең болды», – деп жатыр. Ал енді тағы біраз кісілер атасына немесе ағасына тұрмысқа шығуымды өтінуде.

Солардың арасынан Талғат, Нұржан есімді азаматтардың атын ерекше атап көрсеткім келеді. Әлгі Талғат есімді кісі осы жақында хабарласып, менімен жолыққысы келетінін айтты. Кездестік. Аппақ джип мініп алған екен, ауқатты, мықты кәсіпкер екені көрініп тұр. «Қарындасым, мойыма, жасыма! Бұл қиындықтың бәрі әлі-ақ артта қалады», – деп маған 50 мың теңге ұсынды. Азық-түлігі тағы бар. Оған қоса Балқашта алты бөлмелі үйі барын, қаласам, көшіріп әкете алатынын жеткізді. Тіпті үйді менің атыма аударып бере салатынын айтты. Бірақ мен одан бас тарттым. Ол жақта туысым да жоқ, өзім болса екі күннің бірінде ауырамын. Жағдайым қалай болады деп уайымдадым.

Ал Нұржан есімді жігіт мен тұрып жатқан жертөлеге бір жолдасымен келіп, жағдайыммен танысты. Екеуі 20 мың теңге ақша ұстатып, бір машина толы азық-түлік әкеліп берді. 50 кило ұн, 50 кило картоп пен пияз, өсімдік майы, басқа да заттары бар. Олардың маған көрсеткен көмектеріне риза болып қалдым. Туыс-бауырларымнан көрмеген жақсылықты бейтаныс адамдардан көргеніме көңілім босап кетті».

Жанаткүлге жасалып жатқан көмек мұнымен бітпепті. Аты-жөндерін айтпаған тағы бір-екі адам ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, кілем апарып беріпті. Азын-аулақ ақшалай жәрдемдері тағы бар. Ал күні кеше Мәскеу қаласынан бір жігіт телефон шалып, мақаланы «Замананың» сайтынан оқығанын, өзінің Жанаткүлге көмектескісі келетінін жеткізіпті. Сөйтіп Мәскеуден пойызбен 4 қорап азық-түлік салып жіберіпті.

«Өткенде, осыдан үш апта алдын облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет басқармасы жағдайы жоқ жандарға көмек ретінде 250 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беретін болған. Тіпті бізге оның сертификатын тапсырып, оны телеарналар жаңалықтардан көрскеткен еді. Бірақ сол ақшаның әлі күнге дейін бір тиыны да түскен жоқ. Өзімнің басымда 200 мың теңгедей қарыз бар. Әлгі ақшаны алсам, соларға беріп құтылатын болдым ғой деп қуанып отыр едім. Бірақ әзірге оның ауылы алыс сияқты», – дейді Жанаткүл.

…Қысқасы, небәрі бір аптаның ішінде 100 мың теңгеге жуық ақшалай көмек пен біраз азық-түлікке ие болған Жанаткүлдің қуанышында шек жоқ. Біз де өз тарапымыздан газетіміздің оқырмандарына, көпшілік қауымға Жанаткүлді қолдап, азаматтық танытқандары үшін алғысымызды айтқымыз келеді. Жақсылықтарыңыз Құдайдан қайтсын!

С. КЕНЖАЛИЕВА

www.zamana.kz

[:en]

[:]