АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:ru]АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРІНІҢ АТЫ ӨЗГЕРДІ[:]

[:ru]

imagesАлматы қаласындағы Республика сарайы алдындағы алаңда қалалық әкімшіліктің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара өтті. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек   жиналған жұртты мерекемен құттықтап, аттары өзгерген көшелердің жаңа атауларын жариялады.

Қазіргі кезде «Мәңгілік ел» идеясы бойынша ұлттың рухани құндылықтарына, ұлт бірлігіне, тарихи дүниелерге қатысты елімізде бірқатар шаралар өткізіліп жатыр. Мәңгілік ел – «Қазақстан-2050» Стратегиясының, сонымен қатар, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры, ұлттың рухани құндылығы. Қазақстан даму деңгейі бойынша әлемнің дамыған 50 елдерінің  қатарында. Осы идеяның аясында жақында Астанада Мәңгілік Ел, Ұлы Дала атты көше атаулары пайда болды. Енді Алматы қаласындағы алты көшенің аттары өзгертіліп, қала қауымдастығының ұсынысымен оларға белгілі қайраткерлердің есімі берілді.

Қала әкімінің мәлімдеуінше, Алматы қаласы Алатау ауда­ны бойынша:

«Көкқайнар» шағын ауда­нындағы Абай көшесі – Әзірбайжан Мәмбетов көшесі; «Әйгерім-1,2» шағынауданындағы Ленин көшесі – Василий Бенберин көшесі; Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша: Левон Мирзоян көшесі – Шапық Шөкин көшесі; Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша: 8-линия көшесі – Ербол Сыпа­таев көшесі; Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша: «Көктөбе» шағынауданын­дағы Жамбыл Жабаев көшесі – Роза Бағланова көшесі; Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша: «Қалқаман-2» шағынауда­нындағы Мұхтар Әуезов көшесі – Бәйкен Әшімов көшесі болып қайта аталатын болды.

«Бұл азаматтардың ұрпақтары, әріптестері мен ізбасарлары бүгін біздің ортамызда. Табандылық пен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізген тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың асыл арман болды. Халқымызға тыныштық пен өсіп-өркендеуді тілеймін! Тәуелсіздіктің 25-жылдығымен құттықтаймын! – деді жиналған жұрты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек.

Қала көшелерінің аттарын қоғамға еңбек сіңірген танымал тұлғалардың есімін беру бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бұл тарихымызды сақтау, ұмытылып бара жатқан ескіні қайтару болып табылады. Алматы қаласы еліміздегі ең ірі мегаполис қана емес, тәуелсіз Қазақстанның тарихы бастау алатын тарих, мәдениет ошағы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы алғаш президенттікке осы қалада сайланды. Сол жылдың 10 желтоқсанында Алматыдағы Республика сарайында Тұңғыш Президентті ұлықтау рәсімі жасалды.

«Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі деп алматылықтар ретінде әсіресе біз мақтан тұтамыз. Мұнда тағдырымызды анықтайтын шешімдер шықты, мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң, Конституциямыз қабылданды, бекітілді, біздің мемлекеттік рәміздер бекітілді, ұлттық валюта енгізілді. Біздің қала қарқынды дамыған Қазақстанның бейнесі болды. Бүгін Алматы елдегі ірі мегаполис қана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы, әлемдегі дамыған мегаполистерге бәсекелес ірі мегаполис. Бұл Елбасының тұрақты қолдауы, алматылықтарға қамқорлығы арқасында мүмкін болды», — деді өз сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Темірлан АЛМАС

Алтынорда

[:]